Read the original announcement in English

Бүгін әлеуметтік желілер тарихындағы ең жомарт сыйақы жүйелерінің бірін таныстырамыз. Енді Telegram арна иелері өз арналарына орналастырылған жарнамалардан түскен табыстың 50%-ын ала алады.
Telegram қолданушылары ай сайын арналарда 1 триллионнан астам көрілім жасайды. Бүгіннен бастап кемінде 1000 жазылушысы бар жария арналардың иелері өз арналарындағы жарнамалардан түскен табыстың 50%-ын көлемінде сыйақы ала алады.
Арна иелері сыйақыларын комиссиясыз шешіп ала алады немесе оларды Telegram жарнамаларына, жиынтық қолданушы аттарына немесе Premium сыйлықтарына қайта инвестициялай алады.
Арнаңыздың табыс табу статистикасын көру үшін Арна баптауы → Статистика → Табыс бөліміне өтіңіз. Арна иелері үшін қаражатты шешіп алу Fragment арқылы жүзеге асады. Толық шарттар мен талаптарды осы беттен таба аласыз.
Бұл мүмкіндікті қолдану үшін біз жаңа жарнама түрін енгіздік, қолданушылар оны Toncoin арқылы сатып ала алады. Toncoin – TON блокчейнімен жұмыс істейтін криптовалюта.
TON блокчейні таңдалды, себебі оның комиссиясы төмен, транзакция жылдамдығы жоғары және ол секундына өңделетін транзакциялар саны бойынша рекордқа ие.
Енді кез келген адам өз ботын немесе арнасын жарнамалай алады, қаражат бірнеше Toncoin-нан басталады. Telegram жарнамасын жасағанда, оның қай арналарда көрсетілетінін нақты таңдайсыз, осылайша мәнмәтінді толық бақылай аласыз.
Бастау үшін Telegram жарнама платформасы сайтына кіріңіз.
Telegram жарнамасы басқа қолданбалардағы жарнамалардан мүлде өзгеше. Олар тек үлкен жария арналарда көрсетіледі. Жарнамалар жеке чаттарыңызда, чат тізімінде немесе басқа бетбейнеде ешқашан пайда болмайды.
Telegram жарнамасы қолданушы деректеріне негізделмейді. Олар тек сіз көріп отырған арнаға байланысты және тікелей арна иелеріне пайда әкеледі.
Біз жарнамаларды бәрі бірдей ұната бермейтінін түсінеміз, тіпті олар контент жасаушыларды қолдаса да. Бақытымызға орай, Telegram-да кез келген адам Telegram Premium-ге жазылу арқылы жарнамаларды өшіре алады және ондаған айрықша мүмкіндіктерге, соның ішінде жаңа Telegram Business мүмкіндіктеріне қол жеткізе алады.
2024 жылы 31 наурыз
Telegram командасы