Read the original announcement in English
Күн сайын еріктілерден құралған қолдау көрсету командамызға Соңғы белсенділікті жасыруға көмектесуді сұрайтын бірнеше мың өтініш келіп түседі. Бұл мүмкіндіктің қаншалық маңызды екенін білдік және оны дұрыс іске асыру үшін көп еңбектендік. Telegram қолданушыларына әдеттегі шектеулерсіз, бұрын-соңды болмаған нақтылық пен икемділік бергіміз келді.
Бүгіннен бастап соңғы рет көрген уақытыңызды кім көретінін біздің iOS пен Android қолданбаларымызда дәл көрсете аласыз. Үш негізгі теңшеудің («Әркім», «Контактім» және «Ешкім») арасынан таңдай аласыз және «Әрқашан көрсету…» және «Әрқашан жасыру…» бөлімдеріне кез келген айрықшалық санын қоса аласыз.
Мысалы: осылайша соңғы рет көрген уақытыңызды бастығыңыздан басқа барлығына немесе тек жұбайыңызға қолжетімді ете аласыз (немесе керісінше, бұл сізге байланысты). Соңғы рет көрген уақытыңызды тек контактілермен және әріптестермен бөліскіңіз келсе, бұны бірнеше рет басу арқылы жасай аласыз. Бұл сансыз комбинацияларды мүмкін етеді.
Әділдік үшін біреуге «соңғы рет кірген» уақытыңызды көрсетпесеңіз, сіз де сол адамның нақты «соңғы рет кірген» уақытын көрмейсіз. Сол себепті керек баптауды орнату маңызды, Telegram-ның икемділігі ыңғайсыз таңдау жасаудан құтқарады. Мысалы: бастығыңыздан «соңғы белсенділікті» жасыру мен ең жақын досыңыздың онлайн болғанын көрудің бірін ғана таңдаудың қажеті жоқ. Екеуін де қатар орната аласыз.
Соңғы кірген уақыт мүлде көрсетілмеген кезде, хабарласқыңыз келетін адамның Telegram-ды белсенді қолданатынын және хатыңызды көре алатынын түсіну қиындауы мүмкін. Сол үшін нақты уақыт жасырылғанның өзінде, шамамен мәнін көресіз: «таяуда кірді» (шамамен бір минуттан 2–3 күнге дейін), «осы аптада кірген», «осы айда кірген» сияқты. Бұл аңдып отыратындарға жол бермейді, бірақ адамның Telegram арқылы қолжетімді не қолжетімсіз екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Белсенсіз қолданушыларға келсек, енді ондайлар көп жиналмайды. Бүгіннен бастап Telegram тіркелгілері әдепкі бойынша 6 ай бойы кірмеген жағдайда өздігінен жойылады.
Ірі компаниялар қолданушылары туралы деректерді барынша көп жинап, оларды белгісіз мерзімге сақтағанды жақсы көреді. Telegram — коммерциялық ұйым емес және біз дискілік кеңістікті жоғары бағалаймыз. Өткен жылы біз өздігінен жойылатын хаттарды қостық, бүгін өздігінен жойылатын тіркелгілерді енгіздік.
Енді Telegram-ды қолдануды тоқтатып, кем дегенде 6 ай бойы жүйеге кірмесеңіз, тіркелгіңіз, ондағы барлық хат, медиа, контакт пен Telegram бұлтында сақталған барлық дерегіңіз бірге жойылады. Белсенсіз тіркелгінің өздігінен жойылатын мерзімін де өзіңіз өзгерте аласыз, баптауда 1 айдан 1 жылға дейінгі аралықты таңдауға болады.

Бұл жаңа мүмкіндіктер iOS пен Android қолданбаларында қазірдің өзінде қолжетімді. Құпиялыққа қатысты келесі жаңартуларды да күте беріңіз.
Telegram командасы,
2014 жылы 19 қараша